Бұған дейін олар сайлау кезінде уақытша жұмыс істеп келген. Аталған шешім - «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға биыл енгізілген өзгерістердің бірі.
«Аумақтық сайлау комиссияларының қазіргі құрамының мерзімі 2019 жылдың алғашқы тоқсанында аяқталады. Сондықтан, 2019 жылдың қаңтар айында жаңа құрам қабылдануы керек. Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер бойынша, 1 қаңтардан бастап, әрбір аумақтық сайлау комиссиясында екі тұрақты орын ашылады, төраға немесе оның орынбасары және міндетті түрде хатшы тұрақты негізде жұмыс істеуі тиіс», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Дәурен Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында.
Д. Ысқақовтың айтуынша, тұрақты орынға тағайындалғандар әрдайым комиссия жұмысын атқарады және басқа жұмыспен айналыспайды. Оларға республикалық бюджеттен жалақы қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ, Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, аумақтық сайлау комиссиясының есептік құрамы өзгереді. Яғни, комиссия мүшелерінің саны сайланушылар санына тікелей байланысты болмақ.
«Бұған дейін барлық сайлау комиссиялары 7 мүшеден құралатын. Ал енді тиісті аумақтағы сайлаушылардың санына қарай бұл мөлшер қысқаруы мүмкін. Барлық ауыл, елдімекен, қалалардағы сайлау комиссиясының мүшелері есепке алынды. Комиссиялардың шамамен 51 пайызы 5 мүшеден құралады деп болжап отырмыз. Ал ірі қалалар мен мегаполистерде сайланушылар саны 2500-ден асатын сайлау учаскелерінде комиссия құрамы 11 адамға дейін артады», - деп түсіндірді Д. Ысқақов.