Ауру - ауадан - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі 27 наурыз, бейсенбі күні жарық көрген басылымдарға жасалған шолуды назарларыңызға ұсынады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Павлодар облысындағы Алексеев ауылдық округінің әкіміне әкімдік ғимаратында мемлекеттік тудың болмағаны үшін 370 мың теңге айыппұл салынды. Шарбақты аудандық соты Алексеев ауылдық округінің әкімі С.Шахметованы Әкімшіліктік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 354-бабы 2-б. бойынша айыпты деп тапты. Іс материалдары бойынша, әкім ағымдағы жылдың 3-6 наурыз күндері «Алексеев ауылдық округінің әкімі аппараты» ММ ғимаратында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын орнату мен таратуды қамтамасыз етпеген. Оған 200 АЕК көлемінде, яғни 370 400 теңге сомасында әкімшіліктік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Мемлекеттік қызметкер сот отырысында жасаған айыбын мойындап, ғимаратта тудың тозу салдарынан болмағанын айтып түсіндірген. Мақала «Ауыл әкіміне айыппұл салынды» атты тақырыппен берілген.

Ауаның ластануы бүгінгі таңда адамзаттың денсаулығына қауіп төндіретін ең зиянды алаңдатарлық жағдайға айналып отыр. Бұл туралы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының баяндамасында айтылды, ддеп жазады «Айқын» бүгінгі санындағы «Ауру - ауадан» атты мақаласында.

Басылымның мәліметінше, шындығында мәселе алаңдатарлықтай деңгейге жеткен. Бір ғана мысал, 2012 жылы ауаның ластануы салдарынан адамзат әр түрлі ауруға ұшырап, 7 миллион адам қайтыс болды. Бұл көрсеткіштердің басым бөлігі дамушы және кедей елдердің үлесіне тиіп отыр. Нақты айтар болсақ, Тынық мұхиты аймағының батыс бөлігі мен Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттерінде

бұл жағдай алаңдатарлық деңгейге жеткен. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары келмеске кеткен 7 миллион адамның тіпті неден қайтыс болғаны туралы да мәліметтер келтірген. Сарапшылар 2012 жылы 3,3 миллион адамның көз жұмуы негізінен, үйдегі ауаның ластануынан орын алды десе, 2,6 миллион адам көшедегі ауаның былғануынан өмірден өтті деген дерек келтіреді.

BBC ақпарат қызметінің деректеріне қарағанда, атмосфераны ластауда Үндістан мен Қытай елдері көшбасында келе жатқанға ұқсайды. АҚШ елшілігінің ақпаратына сенсек, 2012 жылы Қытай астанасы Пекинде ауаға зиянды қалдықтар көтерілуі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Ауаға көтерілген зиянды қалдықтар тиісті нормадан 25 есе асып кеткен.

Әлем елдерінің рейтингі бойынша экологиялық лас елдердің қатарында Қазақстан 132 елдің ішінде 129-орында тұр. Осының өзі-ақ бізде әлі де болса, экологиялық жағдайдың жақсармай тұрғанын аңғаруға болар.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлық құқық саласына мән беріп, агенттік ашуға тапсырма беруінің астарында өте үлкен мән бар. Әрбір елдің беделінің тұрақтылығын, мәдениетінің деңгейін көрсететін басты қажеттіліктің бірі - сол елдегі авторлық құқықтың қорғалу деңгейі. Оны айтпағанның өзінде, мемлекет пен мемлекет арасында қандай да бір іскерлік, әріптестік байланыс орнауы үшін алғашқы шарттылық ретінде сол мемлекеттердегі авторлар құқығының қорғалу деңгейі назарға алынады. Өйткені авторлық құқығы өз деңгейінде қорғалмаған елдер арасында сауда-саттық, мәдени, қарым-қатынастардың орнауы мүмкін емес, дейді «Айқын» газетіне берген сұхбатында Қазақстан авторлары қоғамының Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Байғали Есенәлиев.

Оның айтуынша, Қазақстан авторлары қоғамының бүкіл тарихындағы сыйақы айналымы миллиардтарды құрайды. Оның бәрін тексергіштер тиынына дейін санап отырып, дұрыстығына көз жеткізген. Соңғы екі жылдағы жиналған қаржы құрамы 497 миллионға жуық болса, оның 353 миллоннан астамы отандық авторларымызға, 144 миллион екіжақты келісімшарт негізінде шетел авторларына аударылды. Осындай мәліметтер өткен жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік «Авторлық құқық 21 ғасыр» форумында жиналған қауым алдында да айтылған болатын. Әр республикадағы қоғамдардың ісін сараптай келген дүниежүзілік ұйым басшылары қоғамымыздың атқарған еңбегін әділ бағалап, Қазақстан авторлары қоғамы бұған дейін алдында тұрған Беларусь авторлық қоғамын басып озып, енді ТМД елдері бойынша Ресейдің РАО-сын ғана алдына салып тұрған ең озық қоғам екенін жария еткен.

***

Бұл күндері британдық ақпарат көздері бекзада Гарри, яғни Генри Уэльскийдің қалыптасқан дәстүрді бұзып, ағылшын монархтары 30 жыл бойы демалып келген Швейцария курорттарына бармай, сүйіктісі Крессида Бонаспен бірге Қазақстанда қыдырғанын және сол қызға жүрегін ұсынғанын жабыла жазуда. Британ басылымдары бекзаданың Шымбұлаққа аппақ тікұшақпен жеткізілгенін, ауқаттыларға арналған тамаша қонақүйде тұрғанын айтады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты өзінің 60 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Наурыз мерекесіне сәйкес екі күн қатарынан өткен мерейтойда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов те болды. Мерекелік бағдарламаны Қазақстан мен Алматы қаласының туын ұстап түскен шаңғышылар ашты. Бұл көшті шаһар басшысы Ахметжан Есімов бастады. Алматы маңында Іле Алатауы шатқалының 2510 метр биіктігінде орын тепкен бұл спорттық кешен 1954 жылдан бастап тау шаңғысы спортшыларының сүйікті орнына айналған. Алғашқыда бұл кешен кеңес тау шаңғышыларының олимпиадаға дайындық базасы ретінде құрылған. Ал Азия ойындары Шымбұлақты жаңа заманға бейімдеп, техникалық сипаттамасы жағынан Еуропаның ең жақсы жарыс жолдарымен теңестіріп кетті. Ал қарының сырғанақтық сапасы бойынша олардан артық деседі, кәсіпқой шаңғышылар.

«Егемен Қазақстанның» жазуынша, Анадолы жерінде Түркия Журналистер қоғамы және Ескішаһар 2013 Түркі әлемі мәдениет астанасы агенттігінің ұйытқы болуымен тілшілердің форумы өтті. Журналистер форумына 31 елден 370 журналист қатысты. Форумның алғашқы күні ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырған «2014 Түркі әлемі Мәдениет астанасы Қазан» көрмесі ашылды. Фотосурет көрмесінде Халықаралық түркі мәдениет ұйымының Қазан қаласының сұлулықтарын паш ететін туындылары орын алды.

Ескішаһардағы Анадолы университетінде түрік журналистерін марапаттау рәсімі өтті. Түркі әлемінің мәдени астанасы саналған Ескішаһар өз лауазымын Қазан қаласына табыстады. Салтанатты жабылу рәсімінде ТҮРКСОЙ ұйымы түркі мәдениеті мен рухани құндылықтарын насихаттаған баспасөз өкілдерін марапаттады.

Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы - ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов баспасөз жүлделерін тағайындауда түркі әлемінің ортақ мұрасы Оғыз қағаннан негіз алғанын, аталған сыйлықтың түркі әлеміне шын мәнісінде тер төгетін әріптестерге бұйыратынын айтты. Жиын барысында ТҮРКСОЙ бас хатшысы түркі әлемін таныстыруға атсалысқан баспасөз өкілдеріне өз алғысын білдірді. Биылғы жылдың үздіктері қатарында қазақстандық тәуелсіз журналист Наталья Задерецкая, Қазақстан Пен клубы төрағасы Бигелді Ғабдуллин мен халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшидин Паттеев те бар.

***

«Казахстанская правда» газетінде Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының (ҰЖҒА) академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Ерлан Батырбековпен болған «Эксперименты, востребованные временем» атты сұхбат берілді.

Оның айтуынша, ел Үкіметі орталықтың алдына Семей сынақ полигонын кешенді түрде радиоэкологиялық зерттеуден өткізу туралы тапсырма қойған. Соның нәтижесінде алынған ғылыми тұжырымдамаларды МАГАТЭ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар растағаннан кейін Қазақстанның құзырлы мемлекеттік органдары одан әрі не істеу керек екендігі туралы шешім қабылдауы тиіс.

Айта кетейік, бүгінде орталық 5 250 шаршы шақырым жерді зерттеп, ғылыми тұжырым жасап қойған. Бұл - жалпы аумағы 18 500 шаршы шақырымды алып жатқан Семей полигонының шамаман 30 пайызы деген сөз.