Ауруханадағы қабылдау бөлімінде халі нашар науқастарға арналған бөлме болуы керек - маман
«KazMedConsult» компаниясының директоры облыстағы дәрігерлер мен медициналық мекемелердің жаңартылған шұғыл медициналық көмек көрсетуге өтуге дайын екенін атап өтті. Ол елімізде 103 қызметін көрсету сапасы бұрынғыдан арта түскеніне тоқталды. Ал, облыстағы жедел жәрдем көліктерінің сарғыш түске боялуы - алғашқы көмек қызметінің жету уақытын қысқартуға септігін тигізіп жатқанын жеткізді.
«Ендігі мақсат - қабылдау бөлімінің жұмысын жақсарту. Жедел жәрдеммен қабылдау бөліміне келіп түскен науқастың жағдайы алдымен іріктелуі қажет. Яғни, қай пациентке бірінші кезекте көмек көрсету керектігін анықтап алған жөн. Шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілуі тиіс науқастарға арнайы жабдықталған бөлме болғаны дұрыс. Яғни, өміріне аса қатты қауіп төнбеген емделушілер мен ауыр науқастарға аралас қызмет көрсетілмеуі керек. Қазақстанда қолға алынған жаңа пилотты жоба бойынша, енді қабылдау бөлімдерінде науқастарды тексеретін арнайы бөлме және жауапты дәрігер болады»,- дейді Кевин Фрик.
Айта кетейік, түркістандық дәрігерлер үшін мұндай шеберлік сабағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өйткені алдағы кезде «қабылдау бөлімі» енді жедел жәрдем бөлімшесі болып өзгертіледі. Мамандардың айтуынша бұл атау өз қызметіне сай келеді. Жоспар бойынша, бөлімшенің тек атауы ғана емес, ондағы қызмет те жаңаша үлгіде көрсетілмек.