Бұл бастамаға елдегі 30-дан астам аурухана қатысып отыр. Жоба қатерлі ісік және басқа да ауыр дерттерден емделіп жатқан балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған. Негізгі мақсат — ауруханадан шыға алмайтын науқастардың оқшаулану сезімін азайтып, өзгелермен араласуына мүмкіндік беру және емделу кезінде көңілін сергіту.
Шілде айында Окаяма университеті жанындағы аурухананың педиатрия бөлімінде 4-16 жас аралығындағы 15 бала VR көзілдірігін тағып, Осакадағы Тэннодзи хайуанаттар бағына виртуалды саяхат жасады. Балалар метаверс кеңістігінде африкалық саваннаны аралап, жирафтар мен зебраларды тамашалады.
Қатысушылар виртуалды кеңістікте аватарларын өздері басқарып, бір-біріне чат арқылы хабарлама және реакциялар жібере алды. Жобаға Жапонияның әр өңіріндегі медициналық мекемелерден 100-ге жуық науқас қатысты.
Ауруханада наурыз айынан бері жатқан 10 жастағы Такэро Кувахара виртуалды саяхаттың өзіне жақсы әсер еткенін айтты.
— Жануарлардан қорқатынмын. Бірақ оларды виртуалды шындық арқылы еш алаңдамай тамашалай алдым. Бұл маған ойын-сауық саябағы сияқты түрлі жерлерге барғым келетінін сездірді, — деді ол.
Окаяма университетінің профессоры Джо Хасэйдің айтуынша, бұл бастама ұзақ уақыт ем қабылдайтын балалардың жалғыздық сезімін азайтады.
— Бұл жоба балалардың емделуге оң көзқараспен қарауына көмектесіп, «ауруханадан шыққан соң Тэннодзи хайуанаттар бағына міндетті түрде барамын» деген ой қалыптастырса деймін, — деді профессор.
Жоба ұйымдастырушылары алдағы уақытта хайуанаттар бағынан бөлек, басқа да виртуалды орындарды қосуды жоспарлап отыр. Мамандар ауруханада жатқан науқастарға қалаған жерлеріне виртуалды түрде саяхаттауға мүмкіндік беретін орта қалыптастырмақ.
Еске сала кетейік, елімізде «E-Museum» виртуалды веб-порталы музей экспонаттарын онлайн тамашалауға мүмкіндік береді.