Ауруханаға қызды алып бара жатқан көлікті соққан «Камаз» жүргізушісі айыппұл төлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Салонында терезесінен түсіп қалған қыз бен оның ата-анасы болған «Тойота» көлігін соққан «Камаз» жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылады. Бұл туралы Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

«Тойота» маркалы автокөлікпен соқтығысуға жол берген «Камаз» автокөлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылады. ҚР ӘК 610-бабы «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне әкеп соққан бұзушылығы» бойынша хаттама толтырылды», - деп хабарлады ІІД-де.

Зардап шеккен бүлдіршін қызға қатысты сараптама тағайындалды, тергеу жүргізіліп жатыр.  «Камаз» жүргізушісінің кінәсі дәлелденсе, оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жүргізушіге қатысты нақты шешім сараптама нәтижесінен кейін шығарылады. Алайда, ІІД атап өткендей, барлығы қыздың денсаулығына байланысты.

«Бүлдіршіннің ата-анасы өздерінің абайсыздығы салдарынан қыздарын түсіріп алғандығы туралы шағым жазған», - деп хабарлады Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Еске салайық, Астанада бүлдіршін қыз үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен . Ата-анасы қызды ауруханаға алып бара жатқан жолда жол-көлік апатына тап болып, олардың машинасын «Камаз» көлігі соққан.