Ауруынан айығып шыққан Түркістан облысының тұрғындары дәрігерлерге алғыс айтты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы бойынша ауруханада жатқан науқастар саны азайып келеді. Коронавирус пен пневмония жұқтырған науқастар инфекциялық ауруханалар мен провизорлық орталықтарда ем қабылдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, Түркістан қалалық орталық ауруханасында ем қабылдап жатқан Сарагүл Тілеубергенова өзіне қажетті барлық дәрі-дәрмек мөлшері жеткілікті екенін айтады. 67 жастағы науқас қалалық ауруханаға ауыр халде 12 күн бұрын жеткізілген болатын. Жүрек талмасы мен қан айналымының бұзылуынан оның жағдайы нашарлап, жедел-жәрдемге жүгінген. Артынан қатты жөтел қысып, тыныс алуы нашарлаған. Ауруханада жатқан уақыт ішінде тиісті ем-домын алып, бүгінде ауруынан толығымен айықты. Өзі де 40 жыл медицина саласында қызмет атқарған Сарагүл Тілеубергенова дәрігерлерге алғысын білдірді.

«Мен өзім де 40 жыл бойына медицицина саласында жұмыс істедім. Ауырып ауруханаға түскелі бері мұнда дәрі-дәрмектер, не болмаса басқадай қажеттіліктер жетіспейді деген айтқан емес. Дәрігерлер күндіз-түні мұқият қарап, емдеп шықты. Сол ақ халатты абзал жандардың арқасында жазылып, шығуға дайындалып жатырмын»,- дейді зейнеткер.

Тағы бір науқас Саяра Омарова да 10 күн бұрын ауруы асқынып, ауруханаға түскен. 35 жыл мұғалім болып жұмыс істеген 61 жастағы науқас бұған дейін ауруханаға жатып көрмеген. Ақ халатты абзал жандардың арқасында қазір жағдайы қалыпқа түсіп, бүгін ауруханадан шыққалы жатыр.

«Дәрігерлер - қазіргі заманның нағыз қаһармандары. Олардың еңбегі өлшеусіз әрі бағалы. Бүгінде адам жанының арашасына айналған дәрігерлер өз біліктіліктерін көрсетуде. Аурудан айығып, өзімді қайта туғандай сезініп отырмын»,- дейді Саяра Омарова.