Australian Open-2013: бас жүлдеге үміткерлер айқындалды.

None
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше теннистен Үлкен дулыға турнирлерінің бірі Австралия ашық біріншілігінде әйелдер арасында ақтық сынға жолдама алған спортшылар айқындалды.

Жарыстың ресми сайтынан хабарлағандай, сенбі күні ақтық сында әлемнің бірінші ракеткасы белоруссиялық Виктория Азаренко мен Қытай теннисшісі Ли На кездеседі. Беларусь теннисшісі жартылай финалда американдық Слоан Стивенсті тізе бүктірсе, Қытай үміті Ли На әлемнің екінші ракеткасы ресейлік Мария Шарапованы 6-2, 6-2 есебімен сенімді жеңіске қол жеткізді.

Ерлер арасында әзірше бір финалистің есімі белгілі, ол - әлемнің бірінші ракеткасы сербиялық Новак Джокович. Ол жартылай финалда испаниялық Давид Феррерден айласын асырған болатын. Оның қарсыласы бүгін белгілі болады. Үлкен дулыға турнирлерін 17 рет ұтқан атақты Роджер Федерер мен Лондон Олимпиадасының чемпионы Энди Маррейдің қай жеңгені ДЖоковичке қарсылас атанбақ.

Ерлер арасындағы финалдық матч жексенбі күні өтеді.