АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингте өзінен төрт саты жоғары тұрған испаниялық Алехандро Давидович-Фокинамен өткізді.
Бірінші партияда үш брейк жасаған испаниялық спортшы 6:0 есебімен ұтты.
Екіншісінде Александр Бублик тай-брейкте есе қайырды - 7:6 (7:3).
Үшіншісінде Бублик алға шықты - 6:3. Алайда қалған екі сетте испаниялық теннисшінің басымдылығы байқалды - 6:4, 6:3.
Үш сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Бублик 20 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Әйтсе де 20 эйс те көмектеспеді. Қарсыласы 7 эйс, 6 брейкпен көзге түсті.
Өткен жылы А.Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина үздік өнер көрсетуде.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).