АСТАНА. ҚазАқпарат – Australian Open жарысында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина қазірдің өзінде 958 625 Аустралия доллары (669 мың АҚШ доллары) көлемінде табыс тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазақстандық теннисші жекелей сында жартылай финалға шыққаны үшін 925 мың Аустралия долларын ($646 000) алатын болады.
Сонымен қатар Елена ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге жұптық сында 1/8 финалға дейін жетті. Бұдан екеуіне 67 250 Аустралия доллары ($47 000) тиеді.
Осылайша, қазіргі кезде Елена Рыбакинаның Australian Open турниріндегі тапқан табысы 958 625 Аустралия долларына жетіп отыр. Теңгеге шаққанда, 309,9 млн теңге.
Биыл Аустралия ашық чемпионатының жүлде қоры 76,5 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл осы доданың рекордтық көрсеткіші болып саналады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның алғаш рет жартылай финалға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет ТОП-10-ға енуге жақын тұр.
Фото – Қазақстан теннис федерациясы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).