АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші «Үлкен дулыға» турнирінің екінші айналымында дүниежүзілік рейтингте 104-орында тұрған словениялық Кайя Йуванмен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық спортшы өз шеберлігінің әлдеқайда басым екендігін көрсетті – 6:2. Екінші сетте де бірден алға кетіп, қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ – 6:1.
Бәсеке барысында Елена 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Е.Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинз немесе рейтингте 133-сатыдағы чехиялық Каролина Мухованың біреуімен таласады. Е.Рыбакина жуырда Д.Коллинзді Аделаидада 5:7, 6:2, 6:3 есебімен ұтқан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның екінші айналымға шыққанын жазған едік.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).