Australian Open-2023: қазақстандықтардан бірінші болып Елена Рыбакина кортқа шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі – Аустралия ашық чемпионаты 16 қаңтар күні басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, ертең қазақстандықтардан бірінші болып Елена Рыбакина кортқа шығады.

Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 67-орында тұрған италиялық Элизабета Коччареттомен шеберлік байқасады.

Қарсыластар өзара 2017 жылы жасөспірімдер US Open турнирінде кездесіп, Рыбакина 6:4, 6:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

Аустралия ашық чемпионатын ұйымдастырушылар Уимблдон чемпионы Елена Рыбакинаның матчын шеттегі 13-кортқа қойған. Белгілі журналист Бен Ротенберг бұл шешімді сынады.

«Әйелдер арасындағы «Үлкен дулыға» ойындарының, турнирде жеңімпаз атанғандардың аз еместігін түсінемін. Бірақ, Уимблдонның чемпионы қашан осыншалықты тез еленбей қалып еді?» - деп жазды Ротенберг әлеуметтік желіде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Делидегі жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.


Фото: ktf.kz