АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымынан тыс қалды.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 31-ракеткасы, аргентиналық Франциско Серундоломен өткізді.
А.Бублик 6:7 (1:7), 3:6, 2:6 есебімен жеңіліс тапты.
Бір сағат 49 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 10 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Серундоло 6 эйс, 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Осылайша, А.Бубликтің жарыстардағы сәтсіздігі жалғасуда. Оның соңғы жеңісі 2024 жылғы 28 қазанда Парижде тіркелген.
Аустралия ашық чемпионатында ерлерден жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалмады.
А.Бублик осы «Үлкен дулыға» турнирінде өткен жылы да алғашқы айналымнан аса алмаған еді.
А.Бублик енді тағы бір қазақстандық Александр Шевченкомен бірге жұптық сында өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Александр Шевченконың әлемнің 3-ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).