НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның 1-ші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик екінші айналымда әлемнің 20-ракеткасы, франциялық Гаэль Монфиспен кездесті.
Қазақстандық теннисші қарсыласын 2020 жылғы Франция ашық чемпионатында ұтқан болатын.
Бұл жолы алғашқы екі партияда Бубликтің ойыны жүрмей, жиі қателесті - 1:6, 0:6.
Үшінші сетте қарсыласып баққанмен, жеңіс Монфистің еншісінде кетті - 6:4.
Франциялық спортшы үшінші айналымда әлемнің 19-ракеткасы, чилилік Кристиан Гаринмен шеберлік байқасады.
Г.Монфис 1 сағат 29 минутқа созылған кездесуде 11 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. А.Бублик 4 эйспен ғана шектеліп, 4 брейк-пойнттан еш нәтиже шығара алмады.
Ол өткен жылы да Аустралия ашық чемпионатында екінші айналымнан аса алмаған еді.
Осылайша аталмыш біріншілікте жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатын Анна Данилина сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).