НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Недовесов пәкстандық Айсам-уль-Хак Курешимен бірге екінші айналымда америкалық Маркос Хирон – оңтүстіккореялық Сун Ву Квонмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-пәкстандық жұп екі рет брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті – 6:1. Екіншісінде қарсыластары есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда Хирон мен Квон жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:7).
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Куреши 3 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Хирон мен Квон ширек финалға шығу үшін осы жарыстың 10-ракеткалары, нидерландылық Уэс Колхоф – ұлыбританиялық Нил Скупскимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Ролан Гаррос чемпионын ұтқанын, Елена Рыбакинаның үшінші айналымға шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).