АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, 17 жастағы Асылжан Арыстанбекова жұптық сында жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші белоруссиялық Юлия Перепихинамен бірге жапониялықтар Хаю Киносита – Вакана Сонобемен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-белоруссиялық дуэт алдан көрінді – 6:4.
Екіншісінде жапониялық жұп есе қайырды – 6:2.
Супер тай-брейкте Арыстанбекова – Перепихина жеңісті жұлып алды – 10:7.
Асылжан Арыстанбекова – Юлия Перепихина жартылай финалға шығу үшін жарыстың 2-ракеткалары, ұлыбританиялықтар Ханна Клагмен – Мингге Сюймен таласады.
Тағы бір қазақстандық Әмір Омарханов оңтүстіккореялық Чанджун Киммен бірге екінші айналымда тартысты матчта америкалықтар Кайлан Бигун – Яггер Личқа жол берді – 4:6, 6:1, 3:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің жұптық сында Аустралия чемпионатын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Денис Евсеев Бельгияда іріктеу сайыстарының финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).