АСТАНА. KAZINFORM – Australian Open турнирінің ресми сайты биылғы чемпионаттың үздік матчтары туралы жазды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мен ресейлік Анна Блинкованың екінші айналымдағы бәсекесі үздіктер қатарына енгізілді.
Аталмыш ойын 6:4, 6:4, 7:6 (22:20) есебімен ресейлік спортшының пайдасына шешілген болатын.
«Жарыстың үшінші ракеткасы Елена Рыбакина турнир қарсаңында үздік саналды және оны көбі Арина Соболенконың басты қарсыласы деп таныды. Бірақ қазақстандық теннисші Анна Блинковамен кездесуде кескілескен айқасқа тап болды. Мұндай жағдай екінші айналымда Мельбурнда бұрын болмаған еді. Тартысты бәсеке 2 сағат 46 минутқа созылып, шешуші сеттегі тай-брейк тарихқа енді. 32 минуттық тай-брейк ең ұзаққа (42 ұпайға дейін) созылды. Ақырында Блинкова оныншы матч-пойнтын пайдаланып, 22:20 есебімен жеңісті жұлып алды», - деп жазды Australian Open сайты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Германиядағы жарысты жеңіспен бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).