НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 12-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 74-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен кортқа шықты.
Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте қытайлық спортшы брейк жасап кетті – 6:4.
Ч.Шуай екінші сетті брейкпен бастады. Бұдан кейін Елена медициналық көмекке жүгініп, сәлден соң матчты жалғастырудан бас тартты.
Осылайша Аустралия ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалмады.
Қытайлық теннисші үшінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен күш сынасады. Ол екінші кездесуінде румыниялық Ирина Бегуді 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аустралия ашық чемпионатын сәтті бастағанын, Александр Бубликтің жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Недовесов Ролан Гаррос чемпионын ұтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).