АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25 ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге екінші айналымда чилилік Алекса Гуарачи – тайбэйлік Чань Латишамен кездесті.
Қазақстандық-ресейлік жұп 55 минутқа созылған матчта 6:1, 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Олар 4 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Гуарачи мен Латиша 1 брейкпен ғана шектелді.
Е.Рыбакина мен А.Павлюченкова ширек финалға шығу үшін осы «Үлкен дулыға» турнирінің 10-ракеткалары, жапониялықтар Сухо Аояма – Эна Шибахарамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның жекелей сында алғаш рет төртінші айналымға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасымен ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).