АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Аустралия ашық чемпионатында әлемнің 3-ракеткасы, ресейлік теннисші Даниил Медведев пен рейтингіде 6-орында тұрған германиялық Александр Зверев финалға жолдаманы сарапқа салды.
Алғашқы екі партияда германиялық теннисші 7:5, 6:3 есебімен басым түсті. Алайда Медведев үшінші, төртінші, бесінші партияда жеңіске жетіп, финалдық кезеңге өтті - 7:6 (7:4), 7:6 (7:5), 6:3.
4 сағат 20 минутқа созылған тартысты кездесуде Даниил 14 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Ал Александрдың еншісінде 14 эйс, 5 брейк (10 брейк-пойнт) бар.
Д. Медведев жексенбі күні чемпиондық атақ үшін италиялық теннисші Янник Синнермен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Ева Корышеваның Аустралиядағы жарыстың финалисі атанғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Аустралия ашық чемпионатында Новак Джокович финалдан тыс қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).