НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық төрешілер алғаш рет Аустралия ашық чемпионаты жасөспірімдер турнирінің финалында қазылық етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Меруерт Каукеева мен Юлия Игнатченко өз жұмыстарын жақсы атқарып шықты.
М.Каукеева қыздар арасында жұптық сындағы соңғы бәсекеге төрелік етті. Ал Ю.Игнатченко бозбалалар арасындағы жекелей сында қазылық жасады.
2020 жылы Меруерт пен Юлия әйелдер арасында ең талантты төрешілер қатарында WTA командасына қосылды. Өткен жылы Токио Олимпиадасына, сондай-ақ Аустралия ашық чемпионаты, Ролан Гаррос және Уимблдон сынды үш «Үлкен дулыға» турниріне төреші ретінде қатысты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аустралия ашық чемпионатының финалында жеңіліп қалғанын , Рафаэль Надальдың «Үлкен дулыға» турнирін 21-рет ұтып, рекорд жасағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Анна Данилина жұптық сында рейтингіде 25-орынға көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).