НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аустралия ашық чемпионатының жасөспірімдер додасында алғаш рет қос қазақстандық теннисші өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, Аружан Сағындықова алғашқы айналымда жарыстың 8-ракеткасы, бельгиялық Софья Костуласпен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық Максим Батютенко турнирді ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алды. Теміртау қаласының түлегі бірінші кездесуінде ұлыбританиялық Мэттью Ранкинмен сынға түседі.
Бұл – олардың «Үлкен дулыға» турниріне алғашқы қатысулары.
Матчтар 23 қаңтар күні елорда уақытымен сағат 07.00-де басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилина жұптық сында үшінші айналымға шықты. Ал Александр Недовесов үшінші айналымға шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).