НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 90-орында тұрған қазақстандық теннисші бірінші айналымда әлемнің 3-ракеткасы, өткен жылғы US Open турнирінің жеңімпазы, аустриялық Доминик Тиммен кездесті.
Тартысты өрбіген бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда Д.Тим басымдылық көрсетті – 7:6 (7:2).
Аустриялық теннисші екінші сетте де есесін жібермеді – 6:2. Үшінші партияда матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.
Бәсеке 2 сағат 40 минутқа созылды.
Д.Тим екінші айналымда германиялық Доминик Кёпфер немесе боливиялық Уго Дельеннің біреуімен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).