НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 180-орында тұрған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 41-ракеткасы, америкалық Томми Полмен кездесті.
Америкалық теннисші 6:3, 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
М.Кукушкин 1 сағат 40 минутқа созылған матчта 3 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 9 эйс, 5 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Осылайша Аустралия ашық чемпионатының бірінші күні екінші қазақстандық теннисші жарыс жолынан шығып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында алғаш рет тоғыз қазақстандық теннисшінің өнер көрсететінін, Юлия Путинцеваның алғашқы айналымнан аса алмағанын, Александр Бубликтің чемпионатты жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).