Шешуші кездесуде қытай қызы Ли На мен словакиялық Доминика Цибулкова сынға түседі. Бұл бәсекеде қытай қызы фаворит болып есептеледі. Алдағы ақпанда 32 жасқа толатын Ли Наның жұлдызды сәті 2011 жылы туған болатын. Ол сол жылы «үлкен дулығаның» бірі - Ролан Гаррос турнирінде қытай қыздары арасынан тұңғыш рет чемпион атанса, Австралияның ашық біріншілігінде финалға шықты. Бірақ онда бельгиялық атақты теннисші Ким Клейстерстен ұтылып қалды. Ол сондай-ақ өткен жылы да Австралия чемпионатының соңғы матчында белоруссиялық Виктория Азаренкоға есе жіберді. Бұл жолы әлемнің төртінші ракеткасы үшінші мүмкіндікті қалт жібере қоймас. Биылғы чемпионатта Ли На үшінші айналымда чехиялық 26 жасар Люси Шафаржовадан жеңіліп қала жаздады. Басқа кездесулерін екі партияда ұтып шықты. Оның қарсыласы, әлемнің жиырмасыншы ракеткасы, словакиялық 24 жасар Доминика Цибулкова бұған дейін «үлкен дулығаның» финалына шығып көрмеген. Тек 2009 жылы Ролан Гарростың жартылай финалында ғана ойнаған. Биылғы Австралия ашық чемпионатында ресейлік Мария Шарапова, поляк Агнешка Радваньска сынды мықтыларды жеңген Д.Цибулкова соңғы сында барын салары сөзсіз. Төрткүл дүние назарын тіккен Мельбурндағы дода жексенбіде мәреге жетпек. Бұл күні шешуші шайқасқа испаниялық Рафаэль Надаль мен швейцариялық Станислас Вавринка шығады. «Үлкен дулығаның» талайын ұтқан Р.Надаль бұған дейін Австралия чемпионатында тек 2009 жылы бір-ақ рет жеңімпаз атанған. Ал С.Вавринка үшін бұл - алғашқы финал.
09:16, 25 Қаңтар 2014
Australian Open: шешуші кездесулер басталмақ
ОРАЛ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін әйелдер арасында Австралия ашық чемпионатының жеңімпазы анықталмақ.