НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 42-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ю.Путинцева алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 107-орында тұрған франциялық Хармони Танмен кездесті.
Франциялық теннисші күтпеген жерден 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Ю.Путинцева 1 сағат 18 минутқа созылған матч барысында 2 эйс жасап, 2 брейк-пойнттың екеуін де пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 5 брейкке (6 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Ю.Путинцева өткен жылы осы біріншілікте үшінші айналымға дейін жеткен болатын.
Осылайша Аустралия ашық чемпионаты қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды. Дегенмен Ю.Путинцева жұптық сында америкалық София Кенинмен бірге екі күннен кейін кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде рекорд көрсеткішке қол жеткізгенін, қазақстандық теннисшінің Мысырдағы жарыстың жеңімпазы атанғанын, Аустралия ашық чемпионатында алғаш рет тоғыз қазақстандық теннисшінің өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).