АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына өтті.
Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген 17 жастағы З.Нұрланұлы екінші айналымда аустралиялық Таики Такизаваға қарсы келді.
Бірінші партияда Заңғар 7:5 есебімен басымдылық танытты. Екіншісінде корт иесі есе қайырды – 6:1. Үшінші, шешуші сетте Нұрланұлы жеңісті жұлып алды – 6:3.
Матч 1 сағат 40 минутқа созылды.
Заңғар Нұрланұлы ширек финалға шығу үшін доданың 9-ракеткасы, ресейлік Савва Рыбкинмен таласады. Ол екінші айналымда жапониялық Хю Каванисиді жолдан тайдырды – 3:6, 7:5, 6:2.
Тағы бір қазақстандық Дамир Жалғасбай екінші айналымда ертең аустриялық Тило Бехрманмен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Бубликтің жеңіс сериясы тоқтағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).