МЕЛЬБУРН. KAZINFORM — Аустралия ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында қазақстандық Әмір Омарханов үшінші айналымға шықты.
Бастапқы кездесуінде жарыстың 1-ракеткасы, италиялық Федерико Чинаны ұтып, сенсация жасаған 16 жастағы қазақстандық теннисші екінші айналымда ұлыбританиялық Виктор Фридрихпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда ұлыбританиялық 6:3 есебімен басымдық танытты.
Есесіне екінші сетте тай-брейкте Әмір сәтті ойнады — 7:6 (8:6).
Шешуші, үшінші партияда Ә.Омарханов 5:3 есебімен алға шықты.
Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді — 6:3.
Тартысты матч 2 сағат 13 минутқа созылды.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі ширек финалға шығу үшін доданың 14-ракеткасы, оңтүстіккореялық Хён Киммен таласады.
Тағы бір қазақстандық, 17 жастағы Асылжан Арыстанбекова аустралиялық Талья Кокиниске жол беріп, алғашқы айналымнан аса алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің халықаралық турнирлердің финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).