АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шықты.
Әлемде жасөспірімдер рейтингісінде 27-орында тұрған Қарағанды теннис мектебінің түлегі қазақстандықтардан алғашқы болып осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр.
Әмір Омарханов үшінші айналымда әлемдік рейтингіде өзінен бір саты жоғары тұрған оңтүстіккореялық Чанджун Кимді қапы қалдырды.
Бірінші сетте қазақстандық спортшы 6:3 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде Ким есе қайырды.
Есесіне шешуші, үшінші сетте Омарханов 19 минутта қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:0.
Тартысты бәсеке сағат жарымнан астам уақытқа созылды.
Әмір Омарханов жартылай финалға шығу үшін жасөспірімдер арасында әлемнің 25-ракеткасы, нидерландық Мец Ротгерингпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Асылжан Арыстанбекованың жасөспірімдер арасында ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Денис Евсеев Бельгиядағы турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).