ОРАЛ. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатында жарыс жолынан шығып қалды.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 137-орында тұрған үндістандық Сумит Нагалмен кездесті.
Үндістандық теннисші күтпеген жерден 6:4, 6:2, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Екі сағат 40 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Бублик 13 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 6 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Юлия Путинцева да, Александр Бублик те рейтингіде өздерінен төмен тұрған теннисшілерден жеңіліп қалды.
Ендігі үміт жекелей сында әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакинада ғана. Ол бүгін әлемнің бұрынғы 1-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Александр Недовесовтің тартысты матчта есе жібергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).