МЕЛЬБУРН. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына өте алмады.
Жасөспірімдер арасында әлемнің 27-ракеткасы, 16 жасар Әмір Омарханов ширек финалда рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған құрдасы, нидерландық Мес Роттгерингпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда екі брейк жасаған нидерландық алдан көрінді — 6:2. Оның қарқынына төтеп беру екінші сетте де мүмкін болмады — 6:0.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Роттгеринг 4 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Омарханов 1 эйспен ғана шектелді.
Әмір Омархановтың «Үлкен дулыға» турнирінде ширек финалға дейін жетуінің өзін зор табыс деп бағалауға болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Новак Джоковичтің рекорд орнату мүмкіндігі жайлы жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).