Аустралияда алғаш рет саңырауқұлақтан жасалған табыт жерлеу рәсіміне пайдаланылды

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында әйел адам саңырауқұлақтан жасалған экологиялық таза табытқа жерленіп, елде қоршаған ортаға зияны тимейтін жерлеу әдісі алғаш рет қолданылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Фото: Loop Biotech

Нидерландының Loop Biotech компаниясы ойлап тапқан бұл табыт саңырауқұлақ жіпшумағы мен қарасора талшықтарын өсіру арқылы жасалған.

Табыт климаттық жағдайы бақыланатын арнайы бөлмеде бір апта ішінде дайындалады. Ал жер қойнына тапсырылғаннан кейін шамамен 45 күн ішінде топырақта ыдырап кетеді.

Бұл үдеріс органикалық қалдықтардың табиғи жолмен ыдырауына ұқсайды. Табыт уақыт өте келе шіріп, қоректік заттарға бай топыраққа айналады. Оның шіру мерзімі дәстүрлі ағаш табытпен салыстырғанда әлдеқайда қысқа, өйткені ағаш табыттың толықтай жойылуына 50 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін.

Компания негізін қалаушының айтуынша, салмағы шамамен 30 келі болатын саңырауқұлақ пішінді табыттар табиғи ыдырау процесін жеделдетіп, Аустралиядағы жерлеу саласын экологияландыруға ықпал етеді.

— Бұл — табиғатқа құрмет көрсетудің бір жолы. Саңырауқұлақ өсіп, табиғи ортаға сіңіп кетеді. Оның басты пайдасы — топырақты байытып, құнарын арттыруында, — деді Loop Biotech компаниясының басшысы Боб Хендрикс.

Аустралиялықтардың шамамен 70%-ы мәйітті өртеуді таңдағанымен, бұл тәсіл қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді. Сарапшылардың есебінше, бір кремациядан шамамен 125 келіге жуық көмірқышқыл газы бөлінеді. 

Кейінгі жылдары жерлеудің экологияға қолайлы жаңа тәсілдері кеңінен тарай бастады. Олардың бірі — кремацияға ұқсас, алайда оттың орнына су қолданылатын сілтілі гидролиз. Сонымен қатар мәйітті бальзамдамай, табиғи жолмен және таяз қабірге жерлеу тәсілдері де қолданыла бастады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жерлеу рәсімінің бағасы өзгергенін хабарлағанбыз.