Аустралияда ғылымға белгісіз жәндік түрі табылды

Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Квинсленд штатында Атертон жазығындағы ну орманнан бұрын ғылымға белгісіз таяқша тәрізді жәндік табылды. Бұл туралы The Guardian хабарлады. 

Ұзындығы 40 сантиметр, салмағы гольф добындай болған бұл жәндік Аустралияда бұрын-соңды табылған ең ауыр жәндік болып саналады.

Ғалымдар оны acrophylla alta деп атады. Бұл жаңалықты Джеймс Кук университетінің ғалымы профессор Ангус Эммотт пен оның әріптесі Росс Купланд ашты. Эммотт бір қолданушының әлеуметтік желіде жариялаған фотосы Росстың назарын аударып, ғалымдарды жаңа түрді ашуға жетелегенін айтты.

Олар бірнеше түн іздеп, ақыры Millaa Millaa және Mount Hypipamee ормандары арасынан аналық жәндікті тауып алды. Олар оны ағаштан төменге түсіру үшін ұзын таяқ пайдаланды.

Бұрын ғалымдар бұл жәндікті байқамаған болуы мүмкін, өйткені ол өте биік ағаштардың бұтақтарында өмір сүреді. Ол сондай-ақ суық және ылғалды климатта өмір сүреді, сондықтан оның денесі үлкен.

Зерттеу барысында аналық жәндікді үй жағдайында бақылап, күтіп-баптап, жұмыртқаларын жинады. Эммотт таяқша жәндіктің жұмыртқа пішіні басқалардан айтарлықтай ерекшеленетінін атап өтті. Келесі қадам — осы түрдің аталығын табу, бірақ бұл процесс қиын, өйткені аталық жәндіктер өте жіңішке және аналықтарынан көптеген жағынан ерекшеленеді.

Квинсленд мұражайының энтомологі Николь Гунтер бұл жаңалықтың Аустралияның биоәралуандығын түсінудегі маңызды қадам екенін айтты, өйткені континентте әлі ғылымға белгісіз көптеген жәндік бар. Оның пайымдауынша, Аустралиядағы жәндіктердің 70 пайызы әлі зерттелмеген.

Еске сала кетейік, климат салдарынан Тувалу тұрғындары Аустралияға жаппай көше бастады.