Елдің ең үлкен штатының мыңдаған тұрғындары эвакуациялануға міндеттелді. Жергілікті билік мәліметінше, штат аумағында 70-тен астам орман өрті тіркелген. Ең ірі өрт 10 мың гектарды қамтып, оған ең жоғары қауіптілік деңгейі берілген. Өрттен ең көп зардап шеккен аймақ — Сиднейден 45 км қашықтықтағы Кулвонг қаласы.
Орталық жағалаудағы Феганс-Бей және Вой-Вой аудандарында да ең жоғары қауіптілік деңгейі енгізілді. Бұл аймақтарда 350 мыңнан астам адам тұрады.
Метеорология бюросының хабарлауынша, 42 градусқа дейін жеткен аптап ыстық өрт қаупін күрт күшейтті. Премьер-министр Энтони Албаниз тұрғындарды төтенше қызметтердің нұсқауларын сақтауға және бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды.
Метеорологтар мен өрт сөндірушілердің айтуынша, бірнеше салыстырмалы тыныш жылдардан кейін Аустралияны биыл аса қауіпті өрт маусымы күтіп тұр.