Аустралияда соңғы 40 жылдағы ең қалың қар жауды

Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияда демалыс күндері қар жауа бастады.

Сенбі күні Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында 40 сантиметрге дейін қар жауып, 1980 жылдардың ортасынан бергі рекордты жаңартты, деп хабарлады Аустралия метерология бюросы қызметкері Мириам Брэдбери. 

Елдің метеорология бюросы Аустралияның көптеген қаласында соңғы онжылдықтардағы ең қалың қар жауып тұрғанын айтты. Квинсленд штатының кейбір ауданында онжылдықта алғашқы қар жауды.

ВВС аустралиялықтардың қарда ойнап, аяз ата жасағаны бейнеленген видео жариялады. Бір ер адам журналиске «өмірінде қарды бірінші рет көріп тұрғанын» айтты.

Қар жай ғана қуаныш келтірмеді. Демалыс күндері Жаңа Оңтүстік Уэльстің кейбір бөліктерінде қалың қар мен жаңбыр 1455 оқиғаға себеп болды. Төтенше қызметтер 100-ден астам көліктің қар құрсауында қалып қойғанын, боран ғимараттарды бүлдіріп, кейбір аудандарда ірі су тасқыны болғанын хабарлады. Ондаған үй жарықсыз қалды. Полиция су тасқыны ағып кеткен 26 жастағы әйелді іздеп жатқанын айтты.

Жаңа Оңтүстік Уэльс — Аустралиядағы халқы ең көп штат. Сидней осы штатта орналасқан.

Жаһандық климаттың өзгеруі соңғы жылдары Аустралияның ауа райын тұрақсыз етті. Дегенмен құрлыққа бұрын да қалың қар жауған.

Еске сала кетейік, климат салдарынан Тувалу тұрғындары Аустралияға жаппай көше бастады.