Аустралияның алғашқы орбиталық зымыраны 14 секундта құлап түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Квинсленд штатындағы Боуэн ғарыш орталығынан ұшырылған алғашқы байырғы орбиталық Eris зымыраны көтерілгеннен кейін небәрі 14 секундтан кейін құлап түсті, деп хабарлайды The Guardian.
Осы қайғылы оқиғаға қарамастан, аустралиялық ғарыш саласы мамандары бұл сәтсіз сынақты тарихи бетбұрыс деп бағалап отыр.
Gilomur Space компаниясы әзірлеген ұзындығы 23 метр, салмағы 30 тонналық зымыран көптен күткен ұшырылымнан кейін қысқа уақытқа ауада қалды, содан кейін түтін құшағында жерге құлады. Оқиғаны биік жерлерден жүздеген көрермен тамашалады, «Aussienaut» деген атпен белгілі ютубер Джош Кееган тікелей эфирде көрсетті.
18 ай күттірген және ауа райы жағдайларына байланысты соңғы уақытқа дейін кейінге қалдырылған зымыранның алғашқы ұшуы компания тарапынан үлкен қадам ретінде бағаланып отыр.
— Бұл бізді орбиталық ғарыш аппараттарын тұрақты түрде ұшыратын алты елдің қатарына қосылуға итермелейді. Ең бастысы, біздің командамыз сау және келесі ұшуға дайын, — делінген Gilomur Space мәлімдемесінде.
Компанияның бас директоры Адам Гилмор әлеуметтік желіде оқиғаға түсініктеме берді.
— Зымыран ұшыру алаңынан көтеріле алды — мен бұған қуаныштымын. Әрине, мен оның әрі қарай ұшқанын қалар едім, бірақ нәтижеге көңілім толады, — деді ол.
Жас аустралиялықтарды ғарыш саласына дайындауды мақсат еткен One Giant Leap Australia Foundation да Gilomur Space командасын қолдады.
— Үйренудің жалғыз жолы — қателіктер арқылы алға жылжу. Бізде кешегіден де көп білім бар, — делінген қордың хабарында.
Компания алғашқы рейсін мамыр айында ұшыруды жоспарлаған болатын. Аустралия үкіметі Gilomur Space компаниясына Eris жобасы үшін 5 млн доллар бөлді, бұл компанияға сұйық отынмен жұмыс істейтін зымыран қозғалтқыштарының келесі буындарын дамытуға көмектеседі.
Еске сала кетейік, Аустралияда борттан шыққан түтін салдарынан ұшақ шұғыл қонғаны жайлы хабар берген едік.