Аустрия құрамасы хоккейден әлем чемпионатында көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін шайбалы хоккейден элиталық дивизионда 2026 жылғы әлем чемпионаты үшінші ойын күні, 17 мамырда алты кездесу өткізіледі.

Фото: championat.com

Дүниежүзілік додада барлығы 16 құрама сынға түседі. Олар А және В тобына сегіз-сегізден бөлінген.

А тобында АҚШ, Швейцария, Финляндия, Аустрия, Латвия, Германия, Ұлыбритания, Венгрия шеберлік байқасса, В тобында Канада, Швеция, Италия, Дания, Чехия, Словакия, Норвегия және Словения мұзайдынға шығады.

17 мамырға белгіленген ойындардың бірінде А тобында Аустрия құрамасы Венгрияны 4:2 есебімен тізе бүктіріп, екінші жеңісіне қол жеткізді. Олар бірінші турда Ұлыбританияны 5:2 есебімен қапы қалдырған еді. Нәтижесінде турнир кестесінде аустриялық хоккейшілер 6 ұпаймен көш басында келеді.

Сондай-ақ бұл топта 17 мамырда АҚШ құрамасы Ұлыбританиядан 5:1 есебімен басым түсті.

Ал В тобында Словакия құрамасы Италияны 4:1, Швеция құрамасы Данияны 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Дәл қазір А тобында Германия - Латвия, В тобында Норвегия - Словения кездесуі өтіп жатыр.

Қазірге дейін Канада - 28 Ресей (КСРО) - 27, Чехия (Чехословакия)- 13, Швеция - 11, Финляндия - 4, АҚШ - 2, Ұлыбритания мен Словакия -1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.

Айта кетсек, биыл Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан I дивизионның әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы Украинаны жеңіп, мерзімінен бұрын элиталық дивизионға жолдама алды.