Басылым мәліметінше, 39 жастағы ер адам жалғыз әрекет еткен. Оның мақсаты ақша болған: ол германиялық HiPP компаниясынан 2 миллион еуро көлемінде криптовалюта талап еткен. Қылмыскер супермаркеттерден балалар тағамының құтыларын сатып алып, ішіне у қосып, қайтадан сөрелерге қойған.
Тергеу 38 күнге созылды. Тергеушілер Аустриямен қатар Чехия және Словакияда да жұмыс жүргізген. У қосылған бес банка тәркіленді — олар түбіндегі ақ-қызыл жапсырма арқылы анықталған. Қазіргі уақытта Аустрияда алтыншы уланған құты іздестіріліп жатыр.
Қылмыскерді супермаркеттердегі бейнебақылау камераларының жазбалары және оның HiPP компаниясына жіберген электронды хаты арқылы анықтаған. Қазір прокуратура ұсталған адамға қандай айып тағылатынын қарастырып жатыр — денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әрекеттену ме, әлде адам өлтіруге оқталу ма.
Айта кетелік Аустрияда Hipp балалар тағамынан егеуқұйрық уы табылғаны туралы жазған едік. Сондай-ақ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті HiPP балалар тағамынан егеуқұйрық уы табылғаны туралы ақпаратты тексерген еді.