Аустрияда сириялық азамат көшедегі адамдарға пышақпен шабуыл жасады

Фото: Фото: bbc.com

АСТАНА. KAZINFORM – Австрияның оңтүстігіндегі, Италия және Словениямен шекаралас Виллах қаласының бас алаңында ер адам күндіз кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға пышақпен шабуыл жасады. Бұл туралы Kazinform BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

– Оқиға орнында 14 жасар жасөспірім қаза тауып, тағы 4 адам жараланды. Олардың екеуі ауыр халде, - деп хабарлады аустриялық ORF телеарнасы. 

Полицияның мәліметінше, жеткізу қызметінің жүргізушісі сириялық қаскөйді көлікпен қағып, шабуылдың үдей түсуіне жол бермеді. 

23 жастағы қандықол қылмыскер ұсталып, жеке басы анықталды.

– Сириядан қашып келген оның Аустрияға саяси баспана іздеп келгені белгілі болды. Аталған мемлекетте сириялықтың тұруға рұқсатнама құжаты бар, - деп хабарлады полиция өкілі Райнер Дионисио. 

Шабуылдың себебі әзірге белгісіз. Тергеуге полицияның экстремизмге қарсы күрес бөлімі қосылды.