АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Александр Шевченко Кицбюель (Аустрия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.
Әлемнің 30-ыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы Александр Бублик екінші айналымда рейтингіде 130-орындағы аргентиналық Тьяго Агустин Тирантенің мысын басты.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Бублик 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ол 17 эйспен бірге 2 брейк-пойнтты пайдаланды.
Рейтингіде 110-сатыдағы Александр Шевченко екінші кездесуін әлемнің 91-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен өткізді. Мұнда 7:5, 6:4 есебі тіркелді. Бір сағат 24 минутқа созылған матчта Шевченко 5 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.
Енді қос қазақстандық теннисші ширек финалда өзара кездеседі.
Бұдан бұрын Гштаадта (Швейцария) өткен осындай додада Бублик Шевченконы жеңіп, кейін чемпион атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан чемпионатында ширек финалға шыққан ойыншылар анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).