Аутизм: диагностика жақсарды, бірақ сұрақ көп

Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары әлем жұртшылығы жиі еститін әрі өзекті мәселелердің бірі – аутизм. Медицинада «аутизм спектрі бұзылысы» деп аталатын бұл құбылыс бүгінде жаһандық деңгейде алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл диагноздың жиі қойылу себебі неде? Жаһандық статистика қалай өзгеріп жатыр? Аутизм неден пайда болады және оны емдеуге бола ма? Осы және өзге де маңызды сауалдарға жауап алу мақсатында медицина ғылымдарының докторы, халықаралық денсаулық сақтау саласының сарапшысы, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманмен сұхбаттасқан едік.

Алмаз Төрегелдіұлы, аутизм туралы жиі айтылып жүр. Бұл – өткінші ме, әлде шын мәнінде белең алып келе жатқан құбылыс па?

- Аутизм – қазіргі таңда тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде аса өзекті медициналық және әлеуметтік мәселе. Егер 30 жыл бұрын бұл диагноз туралы көпшілік бейхабар болса, бүгінде әр ел аутизмі бар балалар мен ересектерге арналған саясат қалыптастыруға мәжбүр. Бұл — жаһандық құбылыс.

- Халықаралық деректерге сүйенсек, аутизм әр елде әртүрлі деңгейде тіркеледі. Бұл айырмашылықтың себебі неде?

- Иә, айырмашылық өте үлкен. Мысалы, Сингапур, Оңтүстік Корея және Жапонияда шамамен әрбір 69 баланың бірі аутизм диагнозымен есепке алынады. Австралияда – 86 бала, ал АҚШ-та –әр 95 баланың біреуі. Солтүстік Америка мен Еуропа елдерінде де сандар жоғары: Канадада — әрбір 93 баланың бірінше анықталса, Францияда — 144 бала деңгейінде. Қытай мен Үндістанда бұл көрсеткіш шамамен 140-157 баланың біріне тең.

- Деректер күрт өсіп келеді...

- Соңғы 30 жылдағы динамика таңғаларлық: аутизм диагнозының саны бірнеше есе өскен. Мысалы, АҚШ-та 2000 жылы бұл диагноз әрбір 150-ші балаға қойылса, 2025 жылға қарай әрбір 31-ші балада анықталып отыр. Ұқсас үрдіс Ұлыбритания, Канада, Австралия және басқа дамыған елдерде де байқалады.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл — аутизмі бар балалар саны күрт артты дегенді білдірмейді. Ең басты себеп — диагностика әдістерінің жетілдірілуі.

Қазіргі таңда анықтау критерийлері кеңейіп, ата-аналар мен дәрігерлердің білімі артты, кішкентай балаларға арналған скринингтік бағдарламалар пайда болды. Соның арқасында аутизм бұрын назардан тыс қалып келсе, қазір оны ерте анықтау мүмкіндігі пайда болды.

Фото: А. Шарманның жеке мұрағатынан

- Аутизм көбінесе кімдерде анықталады?

- Статистикаға қарасақ, ұл балаларда аутизм 4 есе жиі кездеседі. Ең көп анықталатын жас – 2-7 жас аралығы. Ересектер арасында бұл диагноз сирек қойылады. Бұл көбіне қоғамдағы стереотиптер мен маман тапшылығына байланысты, яғни балалық шақта медициналық көмек алмаған адам ересек кезінде мүлде диагнозсыз қалуы мүмкін.

- Аутизмнің пайда болу себептері жайлы ғылыми түсінік қандай деңгейде?

- Қазіргі ғылыми қауымдастық бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатыр. Генетика негізгі рөл атқаратыны анықталды. Бүгінде аутизммен байланысты 230-дан астам ген белгілі. Бірақ олардың қалай әрекет ететіні, қандай жағдайда іске қосылатыны әлі де зерттеліп жатыр. Генетикалық факторлар қоршаған ортамен, мысалы тағам, ауа, токсиндермен өзара әрекеттесіп, нейроөсу мен мінез-құлыққа әсер етуі мүмкін.

- Көпшілік арасында вакцина мен аутизмді байланыстыратын пікір бар. Бұл қаншалықты рас?

- Көпшілік арасында кең таралған қате пікір – аутизмнің пайда болуына екпенің әсері бар деген түсінік. Бұл ұғымның таралуына 25 жыл бұрын британдық ғалымның жалған мәлімдемесі себеп болды. Ол өзінің мақаласын кейін қайтарып алғанымен, бұл пікір халық арасында кеңінен тарап үлгерді. Қазірге дейін вакцина мен аутизмнің арасында ешқандай байланыс табылған жоқ. Бұл – халықаралық ғылыми қауымдастық мойындаған дерек.

- Аутизм уақытша жағдай ма, әлде өмір бойына жалғасатын құбылыс па?

- Аутизм уақытша немесе балалық шақпен бірге өтіп кететін жағдай емес. Бұл – өмір бойы болатын неврологиялық ерекшелік. Дегенмен, мұны дерт емес, адамның жеке ерекшелігі ретінде қабылдау да бар.

Аутизмнің көріністері әртүрлі – кейбір балалар толыққанды өмір сүріп, жоғары нәтижелерге жетсе, енді біреулеріне әлеуметтік ортаға бейімделу қиынға соғады. Дұрыс қолдау көрсетілген жағдайда мұндай балалар қоғамға араласып, білім алып, тіпті табысты кәсіпкерлер немесе ғалымдар бола алады. Мысалы, Илон Маск – аутизм спектрінің бұзылысы диагнозы бар тұлға. Алайда бұл – сирек жағдай.

- Аутизм адамның өмір сүру ұзақтығына әсер ете ме?

- Ғалымдар бүгінде аутизм мен нейродегенеративті аурулар арасындағы байланысты да зерттеп жатыр. Скандинав елдеріндегі және АҚШ-тағы зерттеулер аутизм спектрінің бұзылысы бар адамдардың өмір сүру ұзақтығы төмен екенін көрсеткен. Бұл олардың деменция немесе Альцгеймер секілді ауруларға шалдығу ықтималдығы жоғары екенін білдіреді.

Бәлкім, аутизмге тән арнайы гендер жоқ шығар. Бірақ кейбір гендердің өмірдің әр кезеңінде әртүрлі әсер беретінін байқаймыз. Мысалы, балалық шақта аутизм белгілерін көрсетсе, ересек шақта дәл сол гендер нейродегенеративті ауруларға әкелуі мүмкін.

- Сөз соңында не айтар едіңіз?

- Аутизм – үкім емес. Бұл – жеке ерекшелік. Егер диагноз ерте қойылып, қолдау жүйелі түрде жүргізілсе, мұндай балалардың қоғамға бейімделуі әлдеқайда сәтті болады. Бұл — дамудың өзіндік ерекшелігі.

Көптеген зерттеушілердің пікірінше, 2023 жылы жарияланған статистика негізінен аутизм спектрінің бұзылыстарын ерте жаста анықтаудағы скрининг пен диагностика сапасының айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді.

Қоршаған ортаның әсері сияқты басқа факторлардың ықпалын зерттеуге арналған ғылыми жұмыстар жалғасып жатыр, алайда әзірге олар нақты әрі шешуші нәтижелер берген жоқ. Сондықтан негізгі қорытынды — статистиканың өсуі аутизмнің ерте анықталуында үлкен ілгерілеу барын білдіреді. Бұл, сөзсіз, қуанышты жаңалық: себебі АСБ неғұрлым ертерек анықталса, балалар тиісті көмек пен қолдауға соғұрлым тезірек қол жеткізе алады. Мұндай қызметтерге ерте жастан қол жеткізу балалардың мектепте білім алуына оң әсер етіп қана қоймай, болашақта ересек жастағы АСБ бар адамдардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, АСБ диагнозы қойылған балалар мен олардың отбасыларына арналған бағдарламаларды жоспарлау мен жүзеге асыру кезінде ғылыми негізделген, тиімділігі дәлелденген тәжірибелерге сүйену — өте маңызды.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда инклюзивті білім беру мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдаудың қазіргі жай-күйі айтылған еді.