Аутизм диагнозы бар баланы ұрған: Қызылордада дамыту орталығы қызметкерінің ісі қаралып жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласының тұрғыны аутизм диагнозы қойылған қызын қаладағы дамыту орталығының қызметкері ұрғанын айтып, дабыл қақты.

Фото: Видеодан алынған скрин

- Аутизмі бар қызым біраз уақыттан бері дамыту орталығына барып жүрген еді. Әр ата-ана сияқты мен де баламды сол жерге сеніп тапсырдым. Бірақ күні кеше күтпеген жағдайға тап болдым. Орталық басшысы маған байқаусызда балама сабақ өтіп жатқан видео жіберді. Мен де ашып үлгердім. Сол видеоны көрген кезде жүрегім тоқтап қала жаздады. Тілі шықпаған, сөйлей алмайды деп ерекше баламды бір ай бойы ұрып келген. Қызым өзін-өзі қорғай алмайды, бізге айтып келетін тілі жоқ, ұрса да қызым көзі мөлдіреп қарап отыр. Құқық қорғау органдарынан, білім басқармасынан, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілден және басқа да құзырлы мекемелерден осы іске шұғыл назар аударып, заң аясында тиісті шара қолдануды сұраймын, - деді Раушан Орынбай бейнеүндеуде .

Kazinform тілшісінің осы мәселеге байланысты сауалына Қызылорда облыстық полиция департаменті түсінік берді. 

- Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның ішінде полиция бейнежазбаларды зерттеу үстінде. Облыстық білім басқармасына тиісті ұсыныс енгізілді, - делінген ресми жауапта.

Бұған дейін Алматыда балаларды түзеу орталығының қызметкері ерекше баланың қолын бұрағаны үшін қамауға алынды