Ауыл адамдары арасында ислам дінін ұстанатындардың үлесі басым - ҚР Ұлттық халық санағы

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елдегі халықтың 70 пайызы ислам, 26,2 пайызы христиан діндерін ұстанады. ҚР Ұлттық халық санағының нәтижелеріне арналған статистикалық жинақтың таныстырылмында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Агенттік деректеріне сәйкес, қала халқына қарағанда ауыл адамдары арасында ислам дінін ұстанатындардың үлесі басым көрінеді.

«Қала халқының 61 пайызы ислам дінін ұстанатын болса, ауылды жерлерінде 80 пайыздан астамы ислам дінінде екендіктерін көрсеткен. Христиан діні, керісінше, қала халқының арасында кең тараған. Ауылда 16,8 пайыз христиан дінінде болса, қалада 34 пайызы осы дінді берік ұстанады», деп атап көрсетті Ә. Смайылов.

Республика халқының діни ұстанымдары жөніндегі басқа да тың ақпараттар жақында ғана жарыққа шығарылып, бүгін таныстырылымы болған ҚР Ұлттық халық санағының нәтижелеріне арналған статистикалық жинақта толығымен көрініс тауып отыр. Оның электрондық нұсқасы Агенттіктің сайтында орналастырылған.