Ауыл әкімдері жиындарындағы шешімдер БАҚ-та жарияланады

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Ауыл әкімдері жиындарындағы шешімдер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов айтты.

Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару мүмкіндіктерін кеңейту аясында жергілікті тұрғындар ауылдың табыстары мен шығыстарына қатысу, жиындар мен жиналыстарда ауыл әкімінің жұмысын бақылау құқығына ие болды.

«Жиындар мен жиналыстар шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және шешім қабылдау үшін ауыл әкімдері оларды міндетті қарауы тиіс. Ауыл әкімдері сайлауының қорытындылары бойынша Президент үндеу жасады. Онда ол ауыл әкімдері жұмысының басты бағыттарын айқындап берді», - деді Ғ.Әбдірахымов.