Ауыл әкімдерін «Ауыл Аманаты» бағыты бойынша оқыту басталды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Қазақстанда алғаш рет Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында «Amanat» партиясының жетекшілігімен «Ауыл Аманаты» бағыты бойынша Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы ауыл округтері әкімдерін оқыту басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл ауыл экономикасын дамытуды және тұрғындардың табыс деңгейін арттыруды көздейтін «Ауыл Аманаты» бағытының бірінші кезеңі. Осы бағыттың басты бөлігі – халықтың табыс деңгейін арттыру индикаторы бойынша ауылдар мен аудандар әкімдерінің қызметін бағалау жүйесін енгізу.

Ақмола облысына келген вице-премьер Ералы Тоғжанов Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіндегі дәріске қатысты. Ауыл әкімдері өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алып, оларға толық жауап алды.

«Өздеріңіз білетіндей, 14 сәуірде халықтың табысын арттыру бойынша кешенді жоспар бекітілді. Айта кету керек, халықтың нақты табысын арттыру мүмкіндігі пайда болды, сондай-ақ бұдан былай осы бағдарламаны орындау сіздердің қызметтеріңізді бағалауға тікелей әсер ететін болады. Аталған семинар 13 маусымда Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында басталды. Барлығы 2400-ге жуық ауыл әкімін оқытуды жоспарлап отырмыз», - деді Ералы Тоғжанов.

Семинар үш күнге жоспарланған. «Amanat» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, оқыту барысында қатысушылар ауыл скринингі мен маркетингілік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамытудың перспективалық бағыттарын айқындауды, ауылды бір салаға мамандауды үйренеді. Сондай-ақ ауыл әкімдері табысы бар деген бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгереді.

«Оқыту ауыл әкімдеріне ауылдардағы үй шаруашылықтарының табыстарын нақты арттыруға қол жеткізуге, «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру « мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Осы бағдарламаның басымдықтарының бірі - ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру; туризмде жұмыспен қамтуды арттыру және халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік табыстың өсуін ынталандыру болып табылады», - деді Э.Жұмағазиев.


Оқу процесінде дағдыларды практикада іске асыруға баса назар аударылады. Сондықтан семинар барысында қатысушылар алған білімдерін өзекті кейстерді (жем-шөп әзірлігі, ІҚМ сүт бағытын дамыту, етті ІҚМ және ҰМ, ЖҚШ үшін ірімшік жасау, ТҚС, сұлулық салоны, тігін шеберханасы және т.б.) мысалға келтіре отырып, пысықтайды.

Семинар нәтижесі бойынша қатысушы ауыл бизнесінің скринингін өз бетінше ұйымдастырып, жүргізе алады, зерттеу қорытындысы бойынша мамандандыру мен экономикалық тұрғыда тиімді бизнес-жобаларды анықтайды, сонымен қатар алған білім негізінде оларды іске асырады. Бизнес-жоспарларды дайындауды үйрену, жобаларды қаржыландырудың, сертификаттау мен стандарттаудың мүмкін көздері туралы толық ақпарат алады. Кооперативтерді ұйымдастыру және өткізу тізбегін құру жүйесін меңгереді. Әр саланың технологиялық карталары бойынша ұсыныстарды сақтау арқылы тиімді өндіріс процестері бойынша түсініктеме алады.

Бірінші кезеңде 517 ауыл әкімі оқытылады.