ОСК төрағасының айтуынша, әкімдерді сайлау науқаны барысында барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына жеке және заңды тұлғалардан 42 өтініш келіп түскен. Соған орай, барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен және тиісті мерзімдерде қаралды. Әкімдікке кандидаттардың 1450 сенім білдірген адамы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың 202 байқаушысы және БАҚ-тың 559 өкілі дауыс беру барысын бақылаған.
«Жалпы сайлау науқаны қолданыстағы заңнама мен демократиялық сайлау үдерістерінің нормаларын сақтай отырып, ұйымдасқан түрде өтті деп есептейміз», - деді Қ. Тұрғанқұлов.
Еске сала кетейік, ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың 5-9 тамыз аралығында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың 2457 әкімінің сайлауы өтіп, барлығы 2454 әкім сайланды. Үш ауылдық округте жеңімпаздар анықталған жоқ. Себебі таңдаушылардың дауыстары тең бөлінді. Енді осы үш әкімшілік аумақтық құрылымдарда тамыздың 28-інде қайта сайлау өткізіледі.