***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлықтары жарияланды. Онда Үкімет құрамындағы бірқатар ауыс-түйістер мен тағайындаулар қамтылып отыр. Министрлер кабинетіндегі өзгерістер жайында толық білгіңіз келсе газеттің бүгінгі санын қарап шығыңыз.
Осы басылымда «Ауыр қылмыс азайғаны атап айтылды» атты материал берілген. Онда кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаевты қабылдағаны жайлы жазылған.
А.Дауылбаев Қазақстан Президентіне құқық қорғау органдарының 2012 жылғы қызметі, Мемлекет басшысының азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қолдау жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады, сондай-ақ елді елеңдеткен қылмыстық істерді тергеу барысынан хабардар етті. Нұрсұлтан Назарбаев жүргізілген аттестация құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейі мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік бергеніне тоқталды. Кездесу барысында Мемлекет басшысы бұлтартпас жазалауды қамтамасыз етуге және қылмыстарды ашуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті. Осыған байланысты Қазақстан Президенті барлық қабылданған шаралар, жалпы алғанда, елдегі криминогендік жағдайды жақсартуға көмектесетінін атап өтті.
***
«Орда» тобының әншісі Ерболат Беделхан «Тыйым салынған билер» атты фильм түсірді. Аталмыш туынды бүгіннен бастап отандық кинотеатрларда көрсетіле бастайды»,-деп жазады «Айқын басылымы. Бұл - ел алдында ән салып, би билеп жүрген Ерболат Беделханның режиссер ретіндегі алғашқы қолтаңбасы. Сондықтан жаңа еңбек сапалы деңгейде жарық көруі үшін «Orda Brothers» компаниясы мен «Jado Productions» продюсерлік орталығы бірігіп тер төккен. Дайындық шараларына бір жылдан астам уақыт жұмсалған. Ал түсіру алаңындағы жұмыс 24 күнге созылыпты. Бір айға жуық «Орда» тобының әншілері ел алдында өнер көрсетуді тоқтата тұрған. Сөйтіп, елімізде бұрын-соңды қолға алынбаған жобаны өмірге әкелген. Бірден айта кетейік, бұл фильм - Қазақстан киноиндустриясы мен шоу-бизнес саласындағы биге қызығатын, биді өзіне өмірлік серік санайтын жастарға арналған алғашқы кино картина. Фильм режиссері Ерболат Беделханның айтуы бойынша, би билеу - әуесқойлық қана емес, сонымен қатар өзіңді-өзің қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстану жолындағы үлкен еңбек. Бұл мақала «Тыйым салынған билер» атты тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.
«Айқын» газетінде «Ауыл әкімін сайлау шілдеде басталады» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Өткен жылдың көлемінде Президент әкімшілігіне еліміздегі түрлі мемлекеттік органдардың қызметі мен ондағы жауапты тұлғаларға қатысты 20 мыңдай арыз түсіпті. Шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлердің заңға қатысты сауатының төмендігімен байланысты екен. Егер үлкен үміт күтілген әкімшіліктік реформа тиімді түрде жүргізілсе, келеңсіздіктердің кемитіндігіне сенім бар. Бұл жайында кеше Астанада аудан, қала әкімдерімен және тиісті ведомство жетекшілерімен өткізілген жиын барысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бауыржан Байбек айтты»,-деп жазады басылым.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы бас мақала «Құтыдағы құлыншаққа телміріп қалмаймыз ба?» деп аталады. Онда бүгінгі демографиялық көрсеткішіміздің төмендеп, елімізде бала туу санының азайып бара жатқандығы айтылады. Бұған қоса белең алған бедеуліктің кесірінен қолдан ұрықтандыруға жүгінетін әйелдердің де саны өсіп бара жатқандығы жөнінде мәселе көтерілген. Аталған проблема төңірегінде тиісті мамандардың ой-пікірлері мен нақты ұсыныстары келтірілген.
Осы басылымда көтерілген тағы бір маңызды мәселе ел рухын көтеретін патриоттық әндер төңірегінде өрбіген. «Патриоттық әндер жаңармай тұр» деп аталатын ойтүрткі мақалада, кейінгі кезде ұлттық музыка саласында жеңіл-желпі, той әндерінің көптеп жазылып, керісінше ұлтжандылық, патриоттық сезімдерді ұштайтын жаңа әндердің өте аздығы туралы айтылған.