Ауыл әкімін сайлаудың құқықтық негізі қалыптасты

None
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Есте болса, өткен жылдың желтоқсан айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнаған болатын. Онда Мемлекет басшысы жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керектігін айта келе, мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдағандығын жария еткен еді.

«Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз. Барлығы 2533 әкім, соның ішінде селолық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7 пайызы! Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайланбалылықпен қамтитын боламыз. Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды. Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, қажетті заңнамалық актілер әзірлеуді тездетуді, ал Парламентке олардың басымдық тәртібімен қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын», - деген еді Елбасы.

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстан Президентінің аталған тапсырмасына орай әзірленген заң жобасы қаралып, ол Министрлер кабинеті тарапынан бірауыздан мақұлданды. «Заң жобасының мақсаты - жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруда азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету үшін құқықтық шарттарды жасау болып табылады», - деді аталған құжатты таныстырған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев.

Оның атап өтуінше, тұжырымдамаға сәйкес, заң жобасы негізгі төрт міндетті шешуге бағытталған. Атап айтқанда, біріншіден, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» заңға толықтырулар мен өзгертулерді енгізу жолымен жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары (жиындары) арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде ауылдардың (селолардың), кенттердің, аудандық маңызы бар қалалардың халқының рөлін арттыру бөлігінде ауыл халқының жиналыстарын, жиындарын қалыптастыру, өткізу және құзыреттерін реттеу, жиналыстың немесе жиынның жергілікті маңызы бар мәселелерді қаржыландыру жөніндегі мәселелерді міндетті түрде талқылау, жергілікті халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатын пайдалануға мониторинг жүргізуге қатысу құқығын беру қарастырылады.

«Екінші. Облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қаланың және Қазақстан Республикасы астанасының мәслихаттарына қала әкімнің халықпен өзара әрекеттесуі үшін қоғамдық құрылымдар құру құзыреттерін беру бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» заңға толықтырулар мен өзгертулерді енгізу жолымен қалалардың халқын ең өзекті мәселелерді шешуде басқарушылық шешімдерді қабылдау үрдісіне белсене араластыру тетігін енгізу көзделеді», - деді министр.

Оның айтуынша, үшіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті белгілеген тәртіппен мәслихат депутаттарының аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық және кенттік округтардың әкімдерін сайлау жөніндегі норманы енгізу бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» заңға толықтырулар мен өзгертулерді енгізу жолымен аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық және кенттік округтардың әкімдерін тағайындау немесе сайлау кезінде маслихаттардың рөлін арттыруға баса назар аударылады.

Төртіншіден, Бюджет және Салық кодекстеріне, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы», «Жарнама туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға өзгертулер мен толықтыруларды енгізу жолымен жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде басқарудың төмендегі деңгейіндегі әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейту бөлігінде, әкімдерге кіріс көздерін қалыптастыру құқығы беріледі. Оған әкімдердің иелігіндегі меншікті жалға беруден түсетін кірістер, ерікті алымдар, қайырымдылық және демеушілер жарналары, айыппұлдардың жекелеген түрлері, сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төлем, заңнамаға қайшы келмейтін басқа да кіріс көздері кіреді. Жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруға бағытталған кірістер мен шығыстарды көрсету үшін қазынашылық органдарында арнайы есеп-шоттар ашу, тиімді пайдалану мақсатында, жергілікті халықтың қажеттіліктері мен сұраныстарын қанағаттандыру және қосымша табыс алу үшін ауылдық әкімдерге аудандық коммуналдық меншіктің бір бөлігін (клубтарды, кітапханаларды, бала бақшаларын) беру құқықтарына да ие болады.

Сондай-ақ заң жобасы аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдық (селолық) округтардың әкімдеріне қосымша құзыреттер де береді. Олар: кіріс көздерін қалыптастыру, жергілікті қоғамдастықтың жиналысымен келістіргеннен кейін жергілікті өзін-өзі басқарудың қаражаттарының түсімдері мен шығыстарының жоспарын бекіту, бюджетті атқару бойынша уәкілетті органда қолма-қол ақшаның бақылау есеп-шотын ашу, берілген коммуналдық меншікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз мүліктік жалға (арендаға) ұсыну және басқалар.

Заң жобасын қабылдау жиналыстар мен жиындар арқылы халықтың еркін білдіру бөлігінде азаматтардың қонституциялық құқығын іске асыруға, аудандық (қалалық) мәслихаттар тарапынан аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтардың құрамына кірмейтін ауылдардың әкімдерін сайлауға, халықтың басқарушылық шешімдерді қабылдауға қатысуы арқылы сапалы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді алуға, санитарлық жағдайды, қоғамдық тәртіпті жақсартуға деген қызығушылығын арттыруға, жергілікті мәселелерді шешуге қала халқының араласу белсенділігін арттыруға, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражаттарын пайдалануға мониторинг жүргізуге жергілікті халықтың қатысуына, коммуналдық меншік, қаражаттарды беру арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі төменгі деңгейдегі әкімдердің дербестігін кезең-кезеңмен және біртіндеп нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Б.Сағынтаев.

Заңның жобасы Президент Әкімшілігіне ағымдағы жылғы 14 наурызда енгізілді және ағымдағы жылғы 1 сәуірге дейін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Парламентіне қарау үшін енгізілетін болады.

Айта кетерлігі, ауыл әкімдерін сайлау өткізетін мерзім әзірге нақтыланған жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша ол тамыз айында өтеді. Еліміздің Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтерге сәйкес осы науқан барысында шамамен 2500 ауыл әкімі сайланады. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 90 пайызын құрайды.