«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бақдәулет Ибраимов мәлім еткеніндей, биылғы мамыр айынан бастап облыста мал және өсімдік шаруашылығын, шағын бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жарақтандыруға, «Жасыл белдеу» және «Сүт белдеуі» жобаларына бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.
Осы мақсатта республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінді. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына 5-7 жыл мерзімге жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді.
«Біздің облыс бойынша қазірге дейін жалпы сомасы 1 млрд 852 млн теңгеге 272 өтінім мақұлданды. Қалған өтінімдер қаралып жатыр. Ақжайық, Теректі, Сырым, Казталов және Бәйтерек аудандары тұрғындарының белсенділігін атап өту керек. Бұл бағдарлама – өсімдік пен мал шаруашылығынан басқа да ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет көрсету, жартылай фабрикаттар өндіру, тігін цехы сияқты басқа да бағыттарды дамытуға жақсы мүмкіндік», - деді Бақдәулет Ибраимов.
«Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-дан түскен мәліметке қарағанда, Теректі ауданының тұрғыны Саржан Ибатов алғашқы болып жеңілдікпен несие алып, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кәсібін ашты. Ол осы бағдарламаның аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтау үшін арнайы құрылғы сатып алған. Пластиктен жасалған бұйымдар, макулатура және басқа да тұрмыстық қалдықтарды жинап, Орал қаласына апарып тапсырады. Сондай-ақ, малдың жүнін өңдеп, көрпе-жастық тігу кәсібін бастады.
Айта кетейік, азаматтардан түскен өтінімдердегі жалпы қаражат сомасының облысқа берілген 6,4 млрд теңгелік лимиттен асып кетуіне байланысты күні бүгін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау тоқтатылды. Барлық өтінімдерді қарап, нәтижесін шығару тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.