Ауыл аманаты: Жетісу облысы тұрғындарын шағын несиемен қамтуға 3,2 млрд теңге бөлінеді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Ауыл халқының табысын арттыру» бағдарламасы бойынша облыс тұрғындарын шағын несиемен қамту үшін осы жылға республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2023 жылдың 22 мамырынан бастап сенімді өкіл құжаттарды қабылдады. Есепті кезеңге 1 674 млн теңгеге 272 өтінім түсіп, бүгінгі күнге 18 өтінім, яғни 91,1 млн теңге мақұлданып, қаржыландырылды.

Жалпы, республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді: 1 транш – 1 560 млн теңге, 2 транш – 1 642 млн теңге, барлығы 581 несие ұсыну, 616 жұмыс орындарын құру көзделген.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде әлеуметтік осал топтарына гранттарды беру үшін биыл 811,4 млн тенге сомасына 588 грант беру жоспарланған. Бүгінгі күнге 219 азаматқа грант берілді.

Осы жылы жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5%-дан жеңілдетілген микрокредит беру мақсатында облыс бойынша 1 млрд 245 млн теңге сомасына 249 микрокредит беру көзделген.

Шағын несие алу мақсатында «Агро несие корпорациясы» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалына 1 369 346 мың теңге сомасына 293 бизнес-жоба түсті. Есепті кезеңге шағын несие беру мақсатында бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі комиссияның 7 отырысы өтті. Отырыстардың қорытындылары бойынша 219 бизнес-жоба қаралды. Нәтижесінде 200 қатысушыға 922 656 мың теңге сомасына шағын несие беру туралы шешім қабылданып, 13 бизнес-жоба қабылданбады.

Бүгінгі күнге 140 қатысушыға микрокредит берілді, 60 үміткердің құжаттары пысықталу үстінде. Комиссия отырысында 90 млн сомасына 20 бизнес-жоба қарастыру жоспарланған. Мысалы, ауылдық жерде наубайхана ашқан кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өз бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Асхат Мәлімбаев мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінім берді. Ол наубайханасын жабдықтап, оған жөндеу жұмыстарын жүргізуге ниетті. Сондай-ақ, жылыжай мен сүт фермасын ашуды да жоспарлап отыр. Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылындағы наубайхана бір жылдан бері жұмыс істеп тұр. Кәсіпкер жергілікті жеті адамға жалақысы 70 мың теңгелік жұмыс беріп отыр. Наубайханада бөлке нан, ақ нан, тандыр нан, тоқаш, калаш пісіріледі, оған қоса тапсырыспен пицца, фри картобын әзірленеді. Мұнда күніне 250 дана нан пісіріледі. Сонымен бірге, А. Мәлімбаев кезінде спорт мектебі ретінде жұмыс істеген ғимаратты сатып алды. Тозған нысанға күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Қыркүйекке дейін жөндеп, заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені түрінде пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Онда ұлдар мен қыздарға арналған душ бөлмелері, бассейн, спорт залдары бар. Аумақ абаттандырылып, көгалдандырылады. Айта кету керек, бизнесмен құрылыс жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүзеге асырып жатыр.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл аманаты» шағын несиесі кімдерге берілетіні туралы айтқан болатын. Министрлік мәліметінше, биыл ауыл шарушылығын қолдауға бөлінген 450 млрд теңгеден бөлек, қосымша ірі жобаларды қолдауға бағытталып, 100 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 65 сүт фермасын құру бар. Қолдау аясында фермерлердің 2,5% кредитті 10 жылға алу мүмкіндігі бар. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» атты шағын несие бағдарламасы іске қосылған. Оған да 100 млрд теңге бөлінді. Мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттыру.