Ауыл балаларының спортқа қызығушылығы ерекше - қызылордалық бапкер

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгінде елімізде спорттың дамуына үлкен қамқорлық жасалып келеді. Нәтижесінде жер-жерде талантты жастар өздерінің мүмкіндігін көрсетіп, сан алуан сайыста топ жаруға мүмкіндік алды. Осындай сергектікті серік еткен жастарға тәлім беріп, олардың спортқа қызығуына қоддау білдіріп жүрген бапкерлер баршылық. Ауылда жүріп-ақ үлкен жетістіктерге жол ашып жүрген білікті мамандардың еңбегі қашанда қолдауға тұрарлық. Қазалылық бокс бапкері Азамат Құтпанбетов дайындаған шәкірттер қазір республикалық бәсекелерде топ жарып жүр. ҚазАқпарат тілшісі жас маманмен Спорт күні қарсаңында аз-кем әңгімелескен еді.

- Алдымен өзің жайлы айта кеткенің артық болмас.

- Мен Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылында 1990 жылы дүниеге келгенмін. Мектеп қабырғасында жүргенде қазақша күреспен айналыстым. Кейіннен осы қызығушылық мені спортқа алып келді.

Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне оқуға қабылданып, студент кезінде кикбоксингке ден қойдым. Талай талантты бапкердің алдын көріп, тәлімін алдым. Кикбоксингтен республикалық, облыстық жарыстардың жүлдегері атанды.

Білім ордасында жүргенде жаттықтырушылықтың да қыр-сырын меңгердім. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе болды. 2010 жылы аталған білім ордасынан денешынықтыру пәні мамандығын алып шықтым.

- Бапкерлік қызметке қай кезден бастап бет бұрдың?

- Сол жылдан бастап ол туған топырақтағы ауыл мектебінде бапкерлік жұмысқа кірістім. Шәкірт тәрбиеледім. Қазір шәкірттерім жоғары жетістіктерге қол созып келеді. Олардың арасында Жадырасын Сәбит, Нұрлыбек Хамит, Ержан Өтеміс және Жаннұр Әділбек бар. Олар бокстан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында топ жарды.

2015 жылы Әйтеке би кентіндегі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне бокс бапкері қызметіне орналастым.

Мұнда оның Оңталап Ерхан, Мадияр Қалижанұлы секілді шәкірттерім республикалық ашық турнирлерде де жоғары табысқа қол жеткізді.

- Ауылдық жерлерде спортты дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп отыр?

- Қазір елімізде спорттың дамуына барынша қолайлы жағдай туып отыр. Сыр өңірінде қазір әрбір ауылда спорт кешендері бой көтеріп жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген сол ғимараттарда қаншама шәкірт тәлім алуға мүмкіндік туды.

Келешекте олардың қатары көбейеді деген ойдамын. Аталған ғимараттардың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Бұл біз секілді жергілікті мамандарды қуантады.

- Жалпы, ауыл балаларының спортқа қызығушылығы қандай?

- Спорт мектебіндегі балалардың жұдырықтасу өнеріне деген ынта-пейілі ерекше. Жаттығудан қалмайды. Тапсырманы да тыңғылықты орындап отырады. Осындай жүйелі жұмыс болғанда ғана нәтиже күтуге болады.

- Әңгімеңе рақмет. Алдағы істеріңе сәттілік тілеймін.